×

Наурыз ҰБТ-сын 117 мың адам тапсырды

Талапкерлердің 76,1%-ы қазақ тілін таңдаған

 Дастан Жұмабекұлы 02.04.2024 | 14:08
Фото: astanatv.kz

Наурыз айындағы ҰБТ-ны 117 мыңға жуық адам тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,1%-ы қазақ тілінде, 23,8%-ы орыс тілінде, 117 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, ҰБТ басталғалы шекті балды 75%-ға жуық талапкер жинаған. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 118 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған. Атап айтқанда, 19%-ы тапсырды. «Математика-Физика» пәндеріне талапкерлердің 17%-ның таңдауы түскен. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 12%-ы таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 121 адам тапсырған.

2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 77%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 34%-ы тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Механикалық толқындар» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады, – делінген материалда.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 252 талапкер қатысты.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

ҰБТ өткізу барысында 127 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 71 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 51 адам шығарылды. Бейнежазбаларға талдау жүргізу нәтижесінде 5 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсуге қатысты.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама