Су тасқыны күшейеді: Бектенов министрлер мен әкімдерге тапсырма берді
Министрлік су тасқынынан келген шығынды тез есептеуі керек
Елімізде ауа райы айтарлықтай жылынып, су тасқынының күшею қаупі сақталады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, шенеуніктер жұмыс қарқынын күшейтуі керек.
Қалың қар мен топырақтың тоң болып қатып қалуы, сондай-ақ күннің күрт жылынуы мен қатты жауын-шашынның салдары еліміздің аумағында, әсіресе батыс өңіріндегі елді мекендерде көлемді су тасқынына алып келді. 1,5 мыңға жуық үй су астында қалды. Баспаналар қирап, жолдар бұзылды. Бірқатар өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Көріп отырғанымыздай, өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмады. Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын атап өтті, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы елімізде күннің айтарлықтай жылынуына байланысты су тасқыны күшеюі мүмкін екенін атап өтті.
«Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда алдағы күндері ауа райы айтарлықтай жылынады деген болжам бар. Демек еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек», - деді премьер-министр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов Үкімет мүшелеріне төмендегідей тапсырма берді:
- Біріншіден, Төтенше жағдайлар министрлігі Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажет шаралар қабылдасын. Қазіргі жағдайда ең маңыздысы – азаматтарымыздың өмірі. Қажет болған жерде эвакуациялау жұмыстарын алдын ала жүргізу керек.
- Екіншіден, Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен және басқа да күштік құрылымдармен бірлесіп, су басқан елді мекендерде апаттық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін күштер мен құралдардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін.
- Үшіншіден, әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында болған су тасқынына назар аударып, еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерін су басып кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдасын. Болған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды.
- Төртіншіден, ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескеріп, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек.
- Бесіншіден, Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктері тез арада апаттан келген шығын көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуге кіріссін.
Әкімдіктер жергілікті жерлерде зардап шеккен тұрғындарды шығынды өтеу алгоритмі және үй салу үшін көрсетілетін көмек туралы атаулы түрде хабардар етуге тиіс.
Зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бәріне көмек берілетін болады. Бақылау мен үйлестіру Қанат Алдабергенұлында (премьер-министрдің орынбасары), - деді премьер-министр.