Halyq Uni логотип
×

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бас жаттықтырушы келді

Енді бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 02.04.2024 | 11:30
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бас жаттықтырушы келді
Фото: olympic.kz

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болып Елдос Сайдалин тағайындалды, деп хабарлады Olympic.kz.

Елдос Сайдалин бұл қызметте Шәміл Сафиуллинді алмастырды. Сафиуллин 2021 жылдан бүгінге дейін бас құраманы жаттықтырып келді. 

Ол еңбек жолын 16 жыл бұрын Қарағандыдағы спорт мектебінде жаттықтырушылықтан бастаған. 

2020 жылдан бері Қазақстан жасөспірім қыздар және жастар құрамасын жаттықтырып келді. Оның жетекшілігімен Қазақстан командасы 2021 жылғы әлем чемпионатында 2 күміс, 3 қола жеңіп алды. 2022 жылғы әлемдік додада 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальді иеленді.

Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында Сайдалин жасақтаған команда 8 алтынмен көзге түскен. 2023 жылы Арменияда Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасы 3 алтын, 5 қола медальді жеңіп алды.

Қазір Қазақстан әйелдер командасының еншісінде Олимпиаданың жалғыз жолдамасы бар. 57 келідегі Карина Ибрагимова Азия ойындарында күміс медальмен қатар, Париж лицензиясын иеленді. 

Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирде Қазақстан әйелдер құрамасы жолдамасыз қалды. 

Мұндай қызметті сеніп тапсырғаны үшін басшылыққа үлкен алғысымды айтамын. Иә, алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қорқып, қашсам да болатын еді. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыру – менің арманым! Әрі команданың қазіргі жағдайына қанық болған соң, жауапты сәтте жалтару бапкерлігіме сын болар еді. Бас құраманың қыздарын жақсы білемін. Барлығы да әлемдік деңгейдегі боксшылар. Талай жарыстарда шыңдалған. Сол себепті, бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз.

Сондай-ақ командада тәртіп орнату – ең бірінші мақсат болмақ. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлы. Сондықтан тәртіпке баса назар аударамыз, – деді жаттықтырушы.

Енді Қазақстан әйелдер құрамасын Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа Елдос Сайдалин бастап апарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама