Жарыс 17 мамыр мен 30 қазан аралығында болады
Биыл елімізде футболдан алғаш рет Әйелдер лигасы басталады.
Жақында Qazaqstan Football League-сының ұйымдастыруымен QFL Әйелдер лигасы мен QFL Әйелдер кубогы турнирінің жалауы көтеріледі.
Жарысқа еліміздің төрт өңірінен «БИІК-Шымкент», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Томирис-Тұран» клубтары қатысады. Футбол додасының жеребе тарту рәсімі бүгін, 2 сәуірде, Астана қаласында түскі 15:00-де (тікелей эфирді QFL.KZ сайты, QFL TV YouTube арнасы және Q Football телеарнасынан көре аласыздар) болады.
Кейінгі жылдары әлемде әйелдер футболының дамуына ерекше назар аударылып келеді. Еуропаның өзінде әйелдер футболын 144 млн жанкүйер тамашаласа, 2033 жылы олардың саны 328 млн-ға дейін көбейеді деп жоспарланған. QFL үшін осындай деңгейдегі турнирді ұйымдастыру осы саланың дамуы үшін маңызды элемент саналады. Себебі бүгінде халықаралық федерацияларда бірде-бір коммерциялық немесе футбол науқанын әйелдер футболынсыз елестету мүмкін емес.
QFL Әйелдер кубогының бірінші жарысы 1-9 мамыр аралығында Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінде өтеді. Турнир айналымдық жүйеде ұйымдастырылып, әр команда 4 матчтан ойнайды. Кездесуде тең есеп қарастырылмаған. Егер ойынның негізгі уақытында есеп тең болса, жеңімпаз бірден пенальти сериясында анықталады. Сондай-ақ ұпай 4 деңгей бойынша беріледі. Негізгі уақыттағы жеңімпазға 3 ұпай, пенальтиден жеңген командаға 2 ұпай, пенальтиден есе жіберген клубқа 1 ұпай беріледі. Негізгі уақытта жол берген команда ұпайсыз қалады.
Ал QFL Әйелдер лигасы 17 мамыр-30 қазан аралығына жоспарланған. Лига 4 айналым бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында өтеді.
Турнирлердің барлық ойындарын Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайты тікелей эфирде көрсетеді.