2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні
Қазақстанда балаларға арналған 249 кітапхана бар
Бүгін – Халықаралық балалар кітабы күні, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мерекені 1967 жылы «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жөніндегі халықаралық кеңес» коммерциялық емес ұйымы бекіткен. Айтулы күн тарихтағы ең танымал ертегілер авторының бірі – Ханс Кристиан Андерсеннің туған күнімен сәйкес келеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда балаларға арналған 249 кітапхана бар. Жыл басынан бері облыс, аудан, қалалар мен ауылдарда орналасқан кітапханаларға 1 млн 733 мың 686 жас оқырман келген.
Айта кетсек, өткен ғасырда Алматы қаласында негізі қаланған С. Бегалин атындағы балалар кітапханасы еліміздегі ең көне кітапхана саналады. Ал ең жаңа балалар кітапханасы – Алматыда 2020 жылы бой көтерген ALATAU CREATIVE HUB жаңа орталығы.
Бүгін еліміздің барлық кітапханаларында түрлі іс-шаралар, атап айтқанда, кітап көрмелері, интеллектуалды ойындар, кездесулер, әдеби бенефис, кітапханаға саяхат ұйымдастырылады.