Мемлекет басшысы «Балалар жылы» аясында жаңа жобалар іске асырылатынын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қазақстандықтарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы дүниеде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ екенін айта отырып, өскелең ұрпақтың дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенідігін атап өтті.
Сонымен бірге Президент бұл мейрам ерекше қуаныш пен жылулыққа толы тамаша мереке екеніне назар аударды.
«Балалар жылы» аясында көптеген жаңа жобалар қолға алынды. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет жылдан жылға бұл бағыттағы жұмысты күшейте түседі. Өйткені, жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады. Жас қазақстандықтарды және барша жұртты осы жарқын мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!, – делінген Президент құттықтауында.