×

Қайрат Сатыбалдының шетелден қымбат мүлікті қалай алғаны айтылды

Оның заңсыз айналымдағы қаржысы – 67 млрд 655 млн теңге

 Дәурен Ерболат 01.04.2024 | 14:45
коллаж: Halyq Uni

Астанада өткен сот отырысында прокурор Елдар Нұрмаханов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының қылмыстық жолмен түскен қаражатын қалай заңдастырғанын, шетелден қымбат үйлерді қалай алғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, Қайрат Сатыбалдының Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін жеткізді. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі кінәсін толық мойындады.

Елдар Нұрмахановтың айтуынша, Қайрат Сатыбалды 28 млрд 687 млн 940 мың теңгеге «Көліктік сервис орталығы» АҚ активтерін ысырап еткен және 8 млрд 942 млн 105 мың теңгеге «Қазақтелеком» АҚ-ына материалдық залал келтіруді ұйымдастырған. Ол осы қылмыстарды жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қайрат Сатыбалды қылмыстық құқықбұзушылықтардан түскен кіріске қарамастан, пайда табу және қолға жеткізілген жетістікпен тоқтап қалмау, шынайы мақсатын жасыру үшін «ТехАльянс» ЖШС-ын іске тартқан. Осылайша, кәсіпкерлік қызметтен заңсыз пайда табу, түрлі мәмілені жасау, қолма-қол ақша алу және пайдалану, оның ішінде мүлікті сатып алу, қылмыстық жолмен түскен ақшаны «ТехАльянс» ЖШС-ның кәсіпкерлік қызметін іске асыру үшін пайдаланылған, - деді прокурор.

«ТехАльянс» ЖШС шет елдерден халық тұтынатын тауарларды сатып алу және оларды Қазақстанда сатумен айналысқан. 

«Аталған компанияның иесі Мақашев болды. Ол экономикалық оператордың куәлігін алу және бизнестен түсетін пайданы ұлғайту үшін маңызды адаммен байланыс орнату керектігін түсінген. 2017 жылы Мақашов ықпалды кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлына өзінің сенімді адамы Эфенди Ткемали арқылы жүгінген. Олар компания табысын өзара бөлісуге келісе отырып, ЖШС-ға қамқорлық көрсетуге келіскен. Содан кейін Қайрат Сатыбалды шексіз мүмкіндік пен беделге ие бола отырып, «ТехАльянс» ЖШС-ын қылмыстық табысын заңдастыру және пайда табу үшін пайдаланған. Мысалы, Қаржы министрлігі МКК бұйрығымен «ТехАльянсқа» бірінші үлгідегі куәлік беріліп, уәкілетті экономикалық оператордың тізіліміне енгізілді. Бұл мәртебе компанияның сыртқы экономикалық қызметін, кедендік рәсімдерді және алдын ала электронды декларациялауды жеңілдетеді», - деді Елдар Нұрмаханов.

Қайрат Сатыбалдыұлының нұсқауы бойынша «Көліктік сервис орталығы» АҚ-дан ұрланған қаражат және «Қазақтелеком» АҚ-ға келтірілген залалдың қаржысы заңды табысқа айналдыру мақсатында және одан да көп табыс табу үшін «ТехАльянс» ЖШС-ның жалпы айналымымен араласқан.

2018-2021 жылдар аралығында жеке тұлғаларға 636 млрд, заңды тұлғаларға 49 млрд теңгенің тауары сатылып, кедендік тазартудан өткен. Қайрат Сатыбалды басқа адамдармен сөз байласып, Эфендимен келісіп, «Техальянс» ЖШС-ын пайдаланып, қаражатты жылыстатуды ұйымдастыру үшін келесі қылмыстық схеманы іске асырған: Бақылаудағы компанияның банк шоттарына қылмыстық ақшаны аудару және оны айналымдағы қаражатпен одан әрі араластыру, тауарларды шетелде ұйымдастыру және сатып алу, тауарларды сату, компания қызметінен ай сайын қолма-қол ақша түрінде пайда алу, Қайрат Сатыбалдының банк шоттарын толықтыру, қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілерін сатып алу үшін ақшаны пайдалану, ақшаны шоттарда орналастыру және тағы басқа. 

Сондай-ақ кедендік баждар мен салықтарды төлеуден жалтарған кезде өндірілген 44 млрд 816 млн 612 мың теңге кәсіпорын айналымында қалған және жоғарыда аталған ұрланған ақшамен бірге («Көліктік сервис орталығы» АҚ және «Қазақтелеком» АҚ) кәсіпкерлік қызмет үшін, оның ішінде Қытайдан, Түркиядан, БАӘ-ден және тағы басқа елдерден халық тұтынатын тауарларды сатып алу үшін пайдаланылған», - деді прокурор.

Ол 2018-2022 жылдар аралығында «Көліктік сервис орталығы» АҚ-дан ұрланған 15 млрд 389 млн теңге аффилирленген компаниялардан көптеген қаржы операциясы арқылы шығарылғанын айтты.

Қайрат Сатыбалдының «ТехАльянс» ЖШС-ға қамқорлық жасағанын және қылмыстық жолмен тартылған қаражатты ескерсек, компанияның тауар айланымы 922 млрд 720 млн 997 мың теңгеге ұлғайған. 2018-2022 жылдар аралығында ақшаны жылыстату нәтижесінде Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен пайда тапқан. Оны одан әрі құрылыс объектілерін, жылжымайтын мүлікті, оның ішінде шетелден (жылжымайтын мүлік) сатып алу, банктердегі шоттарда орналастыру, бағалы қағаздарды сатып алу және тағы басқа мақсатқа пайдаланған. Эфенди ай сайын «ТехАльянс» ЖШС пайдасының бір бөлігін қолма-қол ақша түрінде алған және мүлікті заңдастыру үшін қаржыны банк шоттарына салған: барлығы 53 млн теңге және 150 млн доллар (62 млрд теңге). Қайрат Сатыбалдыұлы өзінің банк шоттарына небәрі 546 млн теңге және 61 млн доллардан аса қаражат аударған (24 млрд теңге), - деді ол.

Елдар Нұрмаханов экс-президенттің немере інісі бұл қаражатты шетелден қымбат мүлік алуға жұмсағанын жеткізді.

2018 жылдан 2022 жылға дейін ұрланған ақшаны ЖШС айналымымен араластырғаннан кейін алынған қаражат 172 млрд 62 млн теңге болды. Бұл қаржы Қайрат Сатыбалдыұлының банк шоттарына аударылған. 22,9 миллион долларды Қайрат Сатыбалдыұлы Дубайдан вилла сатып алу үшін жұмсаған. Сондай-ақ ол 40 млн долларды Мәскеуде орналасқан «Снегири» тұрғын үй кешенінен көлік тұрағымен бірге бірнеше пәтер сатып алуға жұмсаған. Сонымен қатар Қайрат Сатыбалды еншілес компаниялардың кепіл мүлкін, бағалы қағаздарды және мүлікті сатып алу арқылы айналымға қылмыстық жолмен түскен қаржыны салған.

2021 жылы қаражатты жылыстату үшін Қайрат Сатыбалдыұлы «Байдала Л» ЖШС құрылтайшысымен 6 млрд 454 млн теңге пайызсыз қарыз алу келісімшартын жасасқан. Қосымша келісімді ескерсек, қаражаттың сомасы 14 млрд теңгеден асады. Келісімшарт бойынша алынған нақты сома – 13,33 млрд теңге. Бұдан әрі бұл қаржыға мүлік сатып алынды, мәмілелер жасалды, кәсіпкерлік қызмет және тағы басқа», - деді ол.

Прокурордың айтуынша, Қазақстандағы нысандардың жалпы сомасы – 34 млрд 863 млн теңге, Ресейде – 4 млрд 202 млн теңге, БАӘ-де – 20 млрд 413 млн теңге, Францияда – 4 млрд 150 млн теңге, Түркияда – 4 млрд 25 млн теңге, барлығы – 67 млрд 655 млн теңге.

«Осылайша, Қайрат Сатыбалды Эфенди және басқа да адамдармен сөз байласып, 2018 жылдан 2022 жылға дейін «Көліктік сервис орталығы» АҚ активтерін ұрлаған, кедендік және өзге де төлемдерден жалтарған, «Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік залал келтіре отырып, қылмыстық жолмен түскен 82 млрд 446 млн теңгені бақылауындағы «Техальянс» ЖШС компаниясының заңды айланымына енгізген. Салдарынан кәсіпкерлік қызметті пайдалану, заңсыз табыс алу, оны қолма-қол ақшаға айналдыру және жылжымайтын мүлік объектілерін, оның ішінде шетелде сатып алу, ақшаны Қазақстандағы және басқа мемлекеттердегі банк шоттарына орналастырып, активтерді жақын адамдар мен туыстарына тіркеу ісімен айналысқан. Осының негізінде Қайрат Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыс жасады», - деді Елдар Нұрмаханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама