Заңсыз жолмен алынған ақшаға Дубайдан жылжымайтын мүлік алынған
Елордада өткен сот отырысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды өз кінәсін мойындады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату (Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы) бойынша айыпталған Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы өтті.
Отырыста прокурор Елдар Нұрмаханов айыптау актісін оқыды. Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалды қылмыстық жолмен заңсыз пайда тапқан.
Қайрат Сатыбалды өз мақсатын көздеп, ақшаның қылмыстық құқықбұзушылықтан түскенін білген. Осыған қарамастан, ол «Каспи банктегі» шотын пайдаланып, 22 млн 965 мың долларды Дубай қаласынан жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсаған, – деді прокурор.
Қайрат Сатыбалды өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Құрметті сот, кінәмді толық мойындаймын. Дәлелдерге дауласпаймын. Конституциялық құқығым бұзылмады, - деді ол.
Алдын ала тыңдау барысында қорғаушы тарап кінәсін мойындау және заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы процестік келісім жасау туралы өтінішхат берді. Осыған байланысты сот процестік келісімді жасау мәселесін шешу үшін уақыт берді.
Сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді.