Қазақстан Ресей мен Беларусь жүк тасымалдаушыларының қызметіне шектеу қоймайды – министрлік
Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей Федерациясының құзыретті мемлекеттік органдары мен ұйымдары тиісті консультациялар жүргізіп жатыр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы әлемдік тәжірибеге сәйкес, ұлттық автомобиль тасымалдаушылардың мүдделерін қорғау мақсатында ішкі заңнамада үшінші елдерге/елдерден жүк тасымалына шектеулер енгізіледі. Талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасында 200 АЕК (автокөлік құралдарының жүргізушілеріне) және 500 АЕК (заңды тұлғаларға) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
«Айта кетерлігі, қазіргі таңда орын алған геосаяси жағдайға байланысты өткен жақын күндері Ресей және Беларусь уәкілетті органдары қазақстандық тарапты хабардар етпестен, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін «қайта тиеуге тыйым салу» туралы талаптың күшін тоқтатты. Осыған байланысты Қазақстанда «қайта тиеуге тыйым салу» туралы талаптың қолданыста екенін айта кеткен жөн. 2022 жылғы 30 мамырда Қазақстан мен Ресей Үкімет басшыларының кездесуі барысында бұл талаптың әрекет етуін тоқтата тұру туралы хабарламаны талқылады. Кейін Қазақстан тарапы түсіністік танытып, орын алған жағдайды тиімді шешуді ұсынды. «Қайта тиеуге тыйым салу» туралы талап келесі жылдың басына дейін беларусьтік және ресейлік тасымалдаушыларға да қатысты қолданылмайды», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей Федерациясының құзыретті мемлекеттік органдары мен ұйымдары тиісті консультациялар жүргізіп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша өзара қолайлы шешімдер қабылданатын болады.
Осы ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында үшінші елдерге/елдерден халықаралық автомобиль тасымалдары кезінде қайта тиеуді жүзеге асыру мүмкіндігіне шектеу қойылмайды. Аталған мақсаттарда рұқсат беретін арнайы құжат алу қажет. Бүгінде елімізде Еуропа елдеріне жүк тасымалдауды қамтамасыз ететін 40-қа жуық компания тіркелген. Онда көлік құралдарының жалпы паркі 3 мың бірлікті құрайды, - деді министрлік өкілдері.