Қостанай облысының тағы 14 ауданына тасқын қаупі төніп тұр

Еркеғали Болатұлы

31 наурыздан бастап өңірде күн +20 градусқа дейін көтеріледі және солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауады

фото: Halyq Uni

Қостанай облысының құтқарушылары өңірде су тасқыны жағдайы ушығып бара жатқанын ескертті.

Облыстық ТЖД қызметкерлері жергілікті тұрғындарға үндеу жасады. Қардың белсенді еруі мен жауын-шашынға байланысты 14 аудан қауіпті аймаққа енгізілген.

Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 31 наурыздан бастап Қостанай облысы аумағында ауа температурасының күндіз +20 градусқа дейін көтерілетінін және аптаның ортасында түнде өңірдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауатынын хабарлайды. Осыған байланысты, облыстың оңтүстік өңірлерінде су тасқыны жағдайының қайтадан қиындау қаупі жоғары, - делінген хабарламада.

Бұған қоса, Ресей Федерациясының аумағынан ірі өзендер арқылы су ағыны артуы мүмкін.

Жітіқара, Денисов, Қостанай, Қарабалық, Федоров аудандары мен Бейімбет Майлин ауданы су ағынының қауіпті аймағында орналасқан.