Үкіметтің резервінен жаңа үй салуға қаражат бөлінеді – премьер-министр
Жергілікті әкімдер зардап шеккен азаматтардың тізімін жасайды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді.
Штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру.
Штаб басшысы – премьер-министр Олжас Бектенов. Ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды. Штаб құрамына Президент Әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.
Отырыста мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту шаралары туралы министрлер мен өңірлердің әкімдері тыңдалды.
Төтенше жағдай аймақтарынан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды. Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді, 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды. Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорларын дайындады. Төтенше жағдайлар аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен іске асырылып жатыр. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.
Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізіліп отыр. Қазір Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Белсенді түрде су жіберу іске асырылуда. Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде. Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.
Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс, – деді штаб төрағасы Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, төтенше жағдайдың салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға Үкімет мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.