×

Жамбыл облысында анасы қызына бүйрегін берді

 Халық үні 01.06.2022 | 06:30
Фото: ашық дереккөздерден

Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында алғаш рет жасалған бүйрек ауыстыру отасы сәтті аяқталып, 22 жастағы Ұлдай Ұзақбаева есімді бойжеткен ауруханадан шықты.

2013 жылы Ұлдайдың зақымданған екі бүйрегі істен шығып, диализ аппаратына таңылған. Сырқаты асқынған ол іштей өмірден күдерін де үзген.

Өз бетіммен бойымдағы сұйықтықты сыртқа шығара алмайтын едім, оны тек гемодиализдің көмегімен жасауға болады. Содан соң Қарақалпақстаннан Тараз қаласына көшіп келдік. Отбасымызда бес ағайындымыз. Әкеміз ауыр сырқаттан бақилық болды. Анамыз жұмыссыз», - дейді Ұлдай.

Қызының ахуалы жанына батқан ана Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке жүгінеді. Науқастың әлеуметтік жағдайы мен сырқатынан хабардар болған тәжірибелі хирург Әсет Әскерұлы жедел шешім қабылдап, донорлық трансплантация бағдарламасын 5 мамырда бастайды. Ал донорлыққа қыздың 56 жастағы анасы келісімін берген. 6 сағатқа созылған ота сәтті өтті. Талдау сараптамасы да жақсы нәтиже көрсеткен. Науқастың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер үшінші тәуліктен кейін науқасты палатаға ауыстырды.

Отадан кейін есімді жиғанда маған екінші рет өмір сыйлаған анамды еске алдым. Жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Қазір анамның да, менің де жағдайымыз жақсы. Он жылдық азапты өмірімді жеңілдеткен операциядан кейін көңілім толқып, жылап жібердім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев барлық шығындарымызды жеке қаражатынан төледі», – дейді Ұлдай.

Айта кетсек, өңірде бүйрек функциясы бұзылған 903 пациент динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама