Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысының 4 аймағында төтенше жағдай жарияланды

Апат су қоймасындағы суды ағызып жіберу салдарынан болған

 Динара Амантай 29.03.2024 | 15:45
Ақтөбе облысының 4 аймағында төтенше жағдай жарияланды
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі су тасқыны жағдайымен, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер Ақтөбе су қоймасының ағымдағы жай-күйін тексерді. Ол еріген қар суының шамадан тыс жиналуы салдарынан толып кеткен. Су қоймасындағы суды ағызып жіберу салдарынан Елек және Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан Ақтөбе қаласының саяжайлары су астында қалды. Қазір су қоймасы 100% толған. Су гидротехникалық құрылыстар арқылы секундына 1 мың текше метр қарқынмен жіберіліп жатыр.

Роман Скляр су қоймасының жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен келісуді тапсырды.

Сонымен қатар жұмыс сапары барысында ТЖМ өкілдерімен бірге Сазды су қоймасын, Қарғалы және Елек өзендерінің бойындағы бау-бақша және тұрғын алаптарын тікұшақпен аралап ұшып шықты. Алға ауданындағы қорғаныс бөгеттері тексерілді.

Бүгінгі жағдай бойынша облыстың 3 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір) және Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы ТЖ жарияланды. 6 ауданда электр қуаты апатты түрде ажыратылып, 200-ге жуық үй су астында қалып, 2 мың 870 адам эвакуацияланды.

Су тасқынының салдарын жою жұмыстарын жеделдету үшін Ақтөбе облысына шамамен 220 адам және 25-тен астам техникадан жасақталған Маңғыстау облысы ТЖД-ның, 52 мың 859, әскери бөлімдердің 20 мың 982 күштері мен құралдары жіберілді.

Жалпы, өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 1 мың 735 адам, 350 техника мен 62 мотопомпа жұмылдырылған.

Мемлекеттік органдардың барлық күш-жігері су тасқынының салдарын барынша азайтуға бағытталған. Зардап шеккендерге Үкімет пен әкімдіктер тарапынан қажетті көмек көрсетілетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама