Алматы облысында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерінің жолы кесілді

Динара Амантай

Қоршаған ортаға 4 млрд теңгеден астам шығын келген

Фото: Halyq Uni

Алматы облысының прокуратурасы табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына талдау жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 15 фактісін анықтады. Олар бойынша ішкі істер органдары ҚР ҚК-нің 334-бабымен («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») 5 қылмыстық істі тергеп жатыр. Қоршаған ортаға 4 млрд теңгеден астам шығын келген.

Прокуратура қадағалау қызметі барысында пайдалы қазбаларды өндіруге лицензияларды заңсыз берудің 5 фактісін, келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерге шығудың 33 фактісін, су қорғау белдеулері шегінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізудің 23 фактісін, жер қойнауын пайдалану учаскелерін рекультивациялау жөніндегі міндеттемелерді орындамаудың 70 фактісін және санитариялық-қорғау аймақтарының келісімінсіз және сақталуынсыз әрекет ететін 120-ға жуық жер қойнауын пайдаланушыны анықтады.

Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдардың лауазымды адамдары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке 41 адам тартылып, 7 келісімшарт бұзылды. Бұған қоса, 30-дан астам жер қойнауын пайдаланушының қызметі тоқтатылып, лицензияларды қайтарып алу туралы 5 талап және жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыларды жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюға мәжбүрлеу туралы 20 талап енгізілді (рекультивация).

Бұдан басқа, 24 жер қойнауын пайдаланушының 3 жылдан астам уақыт бойы пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскелерін пайдалану құқығын іске асыра алмағаны анықталды. Бұл ретте кәсіпкерлердің жер қойнауын пайдалану құқығы болған күннің өзінде, жергілікті атқарушы орган жер пайдалану құқығын беру жөнінде шаралар қолданбаған.

Осы себепті жер қойнауын пайдаланушылардың кәсіпкерлік қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылған. Бұл өз кезегінде олардың шығындануына әкелді. Прокуратураның ұсынысы бойынша облыс әкімдігі жер комиссиясын құрды. Онда 13 кәсіпкерді нысаналы мақсатқа сәйкестендіру және жер пайдалану құқығын беру туралы мәселе оң нәтижесін тапты.

Бұзушылықтарды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмыс жалғасып жатыр. Оның нәтижелері бойынша процестің барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.