Рыбакина екінші рет қатарынан Майами турнирінің финалына шықты
Енді теннисші финалда әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен ойнайды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Miami Open WTA 1000 турнирінің финалына шықты.
Ол жартылай финалда аса тәжірибелі, кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 32-орында тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен ойнады.
Азаренко спорттық жолында талай рет табысқа жеткен. Соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының екі рет, Miami Open WTA 1000 турнирінің үш дүркін жеңімпазы атанған. Дегенмен Азаренко мен Рыбакина бір-бірімен үш рет кездесіп, бәрінде отандасымыз жеңген.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды. Содан кейін сетті 6:4 есебімен өз пайдасына шешті.
Екіншісі сетте Азаренко үш брейк жасап, бет қаратпады. Есеп – 6:0.
Үшінші, шешуші сетте есеп 2:2 болғанда, Рыбакина брейкпен алға шықты. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Есеп 5:5 болып, ойын қыза түсті. Осы кезде Рыбакина тай-брейкте өте сәтті ойнады. Қорытынды есеп – 7:6 (7:2).
Енді Рыбакина финалда әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен сынға түседі. Коллинз жартылай финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрованы 6:3, 6:2 есебімен жеңген болатын.
Осылайша, 30 наурызда Рыбакина Коллинзбен бесінші рет кортта кездеседі. Әзірше есеп – 3:1, Елена Рыбакина алда.