×

Теңге ілуден ІІ Азия кубогында жеті елдің спортшылары бақ сынайды

Онда алғаш рет бейнеқайталау жүйесі қолданылады

 Динара Амантай 29.03.2024 | 10:58
Фото: Теңге ілу федерациясының баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының «Теңге ілу» федерациясы 2024 жылғы 6-7 сәуірде Шымкент қаласындағы Орталық ипподромда ІІ Азия Кубогын өткізеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Азия Кубогына теңге ілуден Қазақстан құрамасынан бөлек, 6 мемлекеттің спортшылары қатысады. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен келген 50-ге жуық спортшы теңге ілудің 3 стилі бойынша бақ сынайды.

«Теңге ілу» федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыровтың айтуынша, осы Азия кубогына еліміздің үздіктері қатысады.

Бұл – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында ұлттық құраманы шыңдауға ұйымдастырылған жарыс. Сондай-ақ шетелдік құрамалар үшін де Қазақстанның үздік теңге ілу спортшыларынан тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік. Халықаралық жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – ұлттық спортымыз теңге ілуді өзге мемлекеттерге насихаттау және әлемдік дәрежеге көтеру, – деді федерация басшысы.

Ал теңге ілуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ғалымжан Ізжанов өздерінің бұл халықаралық жарысқа тастүйін дайын екендерін жеткізді.

Азия Кубогы шетелдік құрамалардың қатысуымен өте тартысты, қызық болады деп сенеміз. Әрине, ұлттық спортымыз болғандықтан, біздің жігіттер намысты қолдан бермейді, – деді спортшы.

Ұйымдастырушылар жарысты барынша әділ бағалау үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында алғаш рет бейнеқайталау жүйесі қолданылатынын алға тартты. Сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазер секундомер пайдаланылады.

Еске сала кетсек, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Жарыстың өтетін мекен-жайы: Шымент қаласы, Орталық ипподром. Алматы тасжолы, 21/24.

Тіркелу үшін: Айбек Түркебай, 8 707 636 6697 нөміріне хабарласу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама