×

Педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі автоматтандырылды

Енді педагогтердің барлық мәліметтері «Педагог портфолиосы» модулінде жинақталады

 Динара Амантай 29.03.2024 | 10:47
Фото: Halyq Uni

1 сәуірден бастап Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорында педагогтерді мектепке жұмысқа қабылдау бойынша жаңа модульді іске қосады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, бұл шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы және конкурстық рәсімдерді ашық өткізуге бағытталған.

Сондай-ақ педагогтерді аттестаттауда құжаттарды тапсыру бойынша да автоматтандыру енгізіліп жатыр. Енді педагогтердің барлық мәліметтері «Педагог портфолиосы» модуліне жинақталады. Мұнда педагог туралы, оның білімі, денсаулық жағдайы, жұмыс тәжірибесі, құқықбұзушылықтар, аттестаттаудан өту, марапаттары және тәлімгерлік пен цифрлық құжаттар туралы электронды ақпарат сақталады.

Ашықтық пен есептіліктің болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басты рөл атқарады. Осы модульдерді енгізе отырып, педагогтерді жұмысқа қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толық жою жоспарланған. Жүйені іске қосу алдында басқарма, бөлімдер мен білім беру ұйымдарының мамандары үшін оқыту ұйымдастырылды, – деді ОАМ Цифрландыру департаменті директорының орынбасары Майра Маралбаева.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталған модуль Шымкентте және Қарағанды облысының Шахтинск қаласында сынақтан өтті. Сондай-ақ жұмыс іздеу және қажетті персоналды таңдау бойынша еліміздің басқа өңірлерінде де ашықтық жағдай жасау үшін ҰБДҚ-ның «Электрондық еңбек биржасы» платформасымен өзара интеграциясы жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама