×

СҚО-да 17 шенеунік жауапқа тартылды

Прокуратура 3,3 млрд теңгеге заңсыз ұйымдастырылған конкурсты жойды

 Динара Амантай 28.03.2024 | 17:17
Фото: gov.kz

СҚО прокурорларымен мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау күшейтіліп, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін қатайту бойынша шаралар қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау органының актілері бойынша 3,3 млрд теңгеге 11 заңсыз конкурс жойылып, 17 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін оның үшеуі жұмыстан босатылып, тағы үшеуіне қызметке толық сәйкес еместігі ескертілді.

Тимирязев ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұза отырып, орындалған жұмыс актілеріне қол қойып, жеткізушіге тарату желілерін қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген. Бұл ретте іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін 6,7 млн теңге төлем жасалған. Салдарынан мемлекеттік қызметкер шешім дайындау және қабылдау кезінде жеткізушіге заңсыз артықшылық танытқан, – делінген прокуратура хабарламасында.

Басқа жағдайда, Тимирязев ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы заң талаптарына қайшы, өнім берушіге балалар спорт алаңын салу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмысқа 19,9 млн теңге ақы төлеген.

Осындай заңбұзушылықтарға Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің әкімі де жол беріп, нақты орындалмаған алаң аумағын тегістеу, жоспарлау және дайындау жұмыстарына 1,3 миллион теңге бөлген.

Қадағалау органының актілері және СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсыныстары бойынша босату түрінде тәртіптік шаралар қабылданды. Қазір жергілікті атқарушы органдар қаржылық бұзушылықтарды жою шараларын қабылдап жатыр.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама