Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті қазақтың ұлттық ойынына ерекше қызығушылық танытты
Асық ату федерациясының делагациясы Әзербайжан Республикасының астанасы – Баку қаласына барып, осы елдің Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Асық ату федерациясының бас хатшысы Мұсағали Тасқалиев пен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының атқарушы директоры Болатбек Сағымбаев, Әзербайжан жағынан Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Казим Гурбанов, ұйымның вице-президенті Самир Абдуллаев пен бас хатшысы Сеймур Гурбанов қатысты.
Жас болса да бауырлас елдің ұлттық спортын өрге сүйреп жүрген азамат бізді жылышыраймен қабылдап, құрмет көрсетті. Біз де өз кезегімізде оларға биыл Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының шақыруы мен ережесін және тұжырымдамасын табыс еттік. Бұдан бөлек, әзербайжан бауырларға өзіміздің Асық ату спортының ойын кілемін және асықтар жиынтығын сыйладық. Тек сыйлап қана қоймай, асық ойыны қалай ойналатынын көрсетіп, түсіндіріп бердік. Кездесуге қатысқан Әзербайжан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Самир Абдуллаев пен бас хатшысы Сеймур Гурбановтар да қауымдастық президентімен бірге асық атып көрді, – деді Мұсағали Тасқалиев.
Оның айтуынша, Әзербайжанда да Ашык деп аталатын асық ойыны бар. Тек олар әлі оны спорт түріне айналдыра қоймапты.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті біздің асық ойынына ерекше қызығушылық танытып, Көшпенділер ойындарына Әзербайжан елінен міндетті түрде команда әкелеміз деп уәде берді. Мамыр айының соңында өзі екі бапкерін алып, Астанаға келетін болды. Сол сапарда олар асық ойынын үйреніп, елдеріне барғасын команда жасақтамақ, - деді ол.
Кездесу соңында «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы атынан Казим Ханлароглына «Халықтар достығы» төсбелгісі табыс етіліп, түбі бір түркі елдері арасындағы достықты алдағы уақытта ұлттық спорт түрлері арқылы жандандыруға келісім жасалды.