Премьер-министр СҚО-дағы су тасқынына қарсы жұмыстардың барысымен танысты
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл және Сергеев су торабының жағдайын тексерді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Үкімет басшысы бағдарлама шеңберінде коммуналдық-энергетикалық сектор және жол инфрақұрылымы нысандарының, сондай-ақ бірқатар жеңіл және өңдеу өнеркәсібінің, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, машина жасау кәсіпорындарының жұмысымен танысатын болады.
Жұмыс сапары барысында өңірдегі су қоймаларының жай-күйі мен су тасқынына қарсы іс-шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізу жұмысына ерекше назар аударылды. Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені, үш су қоймасы: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптарымен реттеледі.
Үкімет басшысы Петропавл су торабына барып, су қоймасының ағымдағы жағдайын тексерді. Қазір ол қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тасқыны кезеңінде су қоймасы алгоритмге сәйкес жұмыстың «транзиттік режиміне» ауыстырылады және тасқын сулардың өтуіне әсер етпейді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов өткен жылдың сәуірінде шамадан тыс толып кеткен Сергеев су қоймасының жағдайына назар аударды.
Су қоймалары бар Сергеев және Петропавл су тораптары – республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі – 82%. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын, — деді премьер-министр.
«Қазсушар» РМК СҚОФ директоры Шұғайып Ибатуллиннің айтуынша, осы кезеңде Сергеев және Петропавл су тораптары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда автожолдағы көпірлердің жекелеген конструкциялары апатты жағдайда. Осыған байланысты өзге баламалы жолдар арқылы көлік ағынын қайта бағыттау мәселелері қарастырылып жатыр. Жалпы, өңірде су тасқынына бейім 87 елді мекен есепке алынды. 24 қаңтардан бастап облыс күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды. 26 наурыздан бастап Жедел штаб жұмылдырылды.
Премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жоспарланған барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал ТЖМ-ға су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда күштер мен техниканы жұмылдыруды тапсырды.
Өздеріңіз көріп отырғандай, еліміздің бірқатар өңірінде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болып жатыр. Барлық күштер жұмылдырылды. Республикалық және өңірлік жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазір Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары – барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуацияланып жатыр. Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге Үкімет және әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, - деді Олжас Бектенов.
СҚО-ға жұмыс сапары алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірлердің әкімдері мен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің су тасқыны жағдайын бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.