×

«Неге өтірік айтасыз?». Қант бағасы 437 теңге деген шенеуніктің басы дауға қалды (ВИДЕО)

Ол қолдағы деректер ресми түрде берілген кассалық чектердің негізінде жасалғанын айтты

фото: видеодан скриншот

Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері сыртқа шығып, журналистерге қант тапшылығына қатысты түсініктеме берді. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков қант бағасы туралы айтқан кезде көшеде кетіп бара жатқан адамдар шу шығарды. 

Sputnik Қазақстан сайтының хабарлауынша, комитет басшысының орынбасары алдымен тапшылықтың неден туындағанын түсіндірді.

«Тауар тапшылығы дегеніміз не? Оған сұраныс жоғары болған кезде тапшылық туындайды. Себебі сұраныс ұсыныстан басым болады. Мысалы, Атырау облысында адам дүкенге 18 рет кіріп, үш килограмнан қант алып шыққаны жайлы ақпарат болды. Қалада «Магнум» деген ең үлкен сауда орны бар. Біз оларға қоңырау шалып, жағдайды сұрадық. Сөйтсек, бір айда 170 тонна қант сатады екен. Сенбі-жексенбі күндері, екі-ақ күнде 40 тонна сатып жіберген», - деді Әбілдабеков.

Оның айтуынша, мамырда Қазақстандағы зауыттар 33 мың тонна қант өндірген. Маусым айында тағы 44 мың тонна шығарады. Оған қоса, ЕАЭО квотасы аясында қосымша қант жеткізіліп жатыр.

«Қант бітпейді. Себебі Бразиялиядан тікелей жеткізіліп жатыр. Сосын өзіміздегі зауыттарға да қажетті шикізат келіп тұрады», - деп атап өтті Әбілдабеков.

Осыдан кейін журналистер қанттың орташа бағасын сұрады. Әбілдабековтың айтуынша, 24 мамырда республика бойынша қанттың орташа бағасы 437 теңге болған.

«Бұл – кассалық чектің орташа бағасы. Ал Нұр-Сұлтанда – 467 теңге. Базарда чек ұрылмайды. Сондықтан мен ресми статистиканы айтып отырмын, яғни бұл берілген чектердің есебі», - дейді Әбілдабеков.

Осы кезде өтіп бара жатқан адамдар наразылық білдіре бастады. «Неге өтірік айтасыз? Ондай баға жоқ қой», - деп шу шығарды.

«Неге сіз өтірік ақпарат беріп тұрсыз. Дүкенге кірсеңізші, алыс ауданды қарасаңшы. Ол жақта қант 700-800 теңге тұрады. 467 теңге деген жоқ қой», - деді бір келіншек.

Комитет төрағасының орынбасары болса, қолдағы деректер ресми түрде берілген кассалық чектердің негізінде жасалғанын айтты. Ал чек берілмейтін жерде бағаны заңсыз көтеруі мүмкін.

«Мен өткен аптада қызыммен бірге Магнумға бардым. Қанттың 467 теңгеден сатылып жатқанын өз көзіммен көрдім. Ертең Магнумға барыңызшы, ал Small-ға ертең түседі. Ал Жамбыл облысын білмеймін, кешіріңіз. Ол жақта екі қант зауыты бар ғой. Оны әкімшіліктен сұрау керек», - деп атап өтті Әбілдабеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама