Антикор жаһандық форумға қатысып жатыр
Агенттік төрағасы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларды таныстырды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Асхат Жұмағали бастаған делегация ЭЫДҰ-ның жемқорлыққа қарсы күрес және парасаттылық жөніндегі жаһандық форумына, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы ведомстволар (SPIO) басшыларының отырысына қатысып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жаһандық форум – әлемнің 90-нан астам елі қатысатын жыл сайынғы жемқорлыққа қарсы іс-шараның жетекші шарасы. Іс-шаралар аясында Асхат Жұмағали агенттіктің қызметі және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларды таныстырды. Асхат Жұмағали жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру, жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты қалыптастыру, талдау, бизнесті қорғау, активтерді қайтару және заңнамалық бастамаларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сондай-ақ форум аясында қазақстандық делегацияның ЭЫДҰ хатшылығының өкілдерімен кездесуі өтті. Онда парасаттылық қағидаттары мен тетіктерін нығайту, ЭЫДҰ стандарттарын енгізу тиімділігін бағалау саласындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазір Қазақстан ЭЫДҰ-ның Ыстамбұл іс-қимыл жоспары мониторингінің төрт кезеңінен сәтті өтті. Бесінші раундты бағалау биыл сәуір-қазан аралығында жүргізіледі.
Айта кетсек, біздің еліміз халықаралық коммерциялық мәмілелерді іске асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларға пара беруге қарсы күрес жөніндегі ЭЫДҰ Конвенциясына қосылуға бағытталған. Бұл құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау, заңсыз активтерді қайтару мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді және шет елдердің құқық қорғау органдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін негіз жасайды.