×

Су тасқыны: Қызыл жұлдыз ауылы түгел көшірілді (ВИДЕО)

150-ден астам адам құтқарылды. Олардың 63-і – кәмелетке толмағандар

 Дастан Жұмабекұлы 28.03.2024 | 09:31
Фото: WhatsApp

Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Қызыл жұлдыз ауылы мен қыстақтардан халық түгел көшірілді.

Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімовтің айтуынша, Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары бірі қалмай, қалаға жеткізілген. Адамдарды Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметі көшірді. Қостанай облысы орталығының әуежайынан ҰҚК-нің МИ-8 тікұшағы көтерілді. Борт экипажы Екідің ауылының Сарыбас қыстағынан да адамдарды құтқарды.

Осы түні ТЖМ Республикалық жедел штабының үйлестіруімен Әбдіғаппар хан (Қараторғай), Екідің, Ақкісі, Қызыл жұлдыз ауылдарының және Қостанай облысының 9 қыстағының тұрғындарын эвакуациялау бойынша құтқару операциясы өткізілді. Оған Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылды.

150-ден астам жергілікті азамат құтқарылды. Олардың 63-і – кәмелетке толмағандар. Тікұшақтардағы адамдар Арқалық қаласының эвакуациялық пункттеріне жеткізілді.

Кеше ТЖМ дағдарысты жағдайларды басқару орталығының үйлестіруімен Қорғаныс министрлігімен бірікен түрде Қостанай облысында ауыл тұрғындары құтқарылды. Қызыл жұлдыз, Екідің ауылдарының тұрғындары лебедкамен әскери тікұшаққа көтерілді.

19132 әскери бөлімінің үйлестірушілері күндіз 100 адамды, оның ішінде 28 баланы эвакуациялады.  

Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесу үшін Қостанай облысының Арқалық қаласына Шығыс Қазақстан облысы ТЖД-нің қызметкерлері жіберілді. Құтқарушылардың жедел тобы жүзу құралдарымен, сүңгуірлік жабдықтармен, су өткізбейтін костюмдермен, құтқару кеудешелерімен, радиостанциялармен, «Шерп» роверімен, сондай-ақ «Вахта» КамАЗ автокөлігімен жабдықталған.

Халықты су тасқынынан құтқару жұмыстары Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да жүргізіліп жатыр. Осы түні Қорғаныс министрлігінің әскери-көліктік авиациясы Батыс Қазақстан облысына Алматыдан ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін жеткізді. Олар БҚО-дағы су тасқынының салдарын жоюмен айналысады.

Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге жәрдемдесу үшін Батыс Қазақстан облысына Маңғыстау облысының ТЖД қызметкерлері мен техникасы жіберілді. Осылайша, аймақтың жедел құтқару тобы көрші облысқа аттанды.

ТЖМ басшылығы тәулік бойы құтқару жұмыстарын, жеке құрам мен техниканың маневрлерін үйлестіріп отыр. Облыс әкімдерімен, Қорғаныс министрлігі, ІІМ және ҰҚК бірінші басшыларымен тікелей байланыс орнатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама