Қазір жансақтау бөлімінде терезеден құлаған 2 бала жатыр
Жыл басынан бері елордада 20 бала терезеден құлады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасының хирургия қызметінің жетекшісі Ринат Байгереев мәлімдеді.
«Ауруханаға түсетін балалар арасында жарақат алу жағдайы алғашқы орында. Әсіресе балалард жоғарыдан құлау жағдайы бойынша өкінішке қарай, елорда алдыңғы қатарда. Қалада көпқабатты тұрғын үйлер көп. Жыл басынан бері елордада 20 бала терезеден құлады. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін үйдің терезелеріне арнайы тор орнатылып жатыр. Қала бойынша балалардың терезеден, жоғарыдан құлап кету фактісінің 40-тан 60-қа дейінгі жағдайда соңы өліммен аяқталады. Жыл басынан бері елордада балалардың жоғарыдан құлау бойынша 20 факті тіркелді», - деді Ринат Байгереев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында.
Оның айтуынша, аталған балалар ауруханасында жарақат бекеті жұмыс істейді. Ол бөлімге күніне түрлі жарақатпен 250-ден астам бала келіп түседі. Сондай-ақ, маман келтірген дерекке сәйкес, күн сайын 100-150 бала медициналық тексеруден өтеді.
«Қазір жансақтау бөлімінде терезеден құлаған 2 бала жатыр. Мамандар тиісті медициналық көмекті көрсетуде», - дейді аталған аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Медет Нұғманов.