Абай облысында жоғалып кеткен 3 адамды іздеуге тікұшақ тартылды

Халық үні

Абай облысы Аягөз ауданында өзенде жоғалып кеткен 3 адамды іздеуге тікұшақ тартылды. 

Фото: stan.kz

Абай облысы Аягөз ауданында өзенде жоғалып кеткен 3 адамды іздеуге тікұшақ тартылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Осыған дейін Аягөз ауданында Борлы өзені арқылы жолды қысқартпақ болған екі адамның із-түссіз жоғалғаны хабарланған болатын. 4 күн бұрын тағы бір адам дәл осы өзенде жоғалып кеткен еді. Үш ер адамды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 

«Іздестіру жұмыстарына Абай облысының ТЖД, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен әскерилерден жалпы саны 82 адам, 4 жүзу құралы, 9 техника, 4 пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Жергілікті тұрғындар да көмекке келіп жатыр. Су түбінің лай болуы және ағынның қаттылығы сүңгуірлерге кедергі келтіруде», - делінген хабарламада.

Сағат 18.26-да МИ-17 тікұшағы тартылып, Борлы өзені бойына аэровизуалды бақылау жасалды. Алайда бұл да нәтиже бермеді.

Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары кеш қараюына байланысты уақытша тоқтатылды.