EURO-2024: Украина, Грузия мен Польша жолдама алды
Ал Қазақстан құрамасы Люксембургтен 1:2 есебімен жеңілді
Украина, Грузия мен Польша құрамалары Еуропа чемпионатына жолдама алды. Ал Қазақстан жолдастық кездесуде Люксембургтен жеңілді.
Қазақстан құрамасы Люксембург командасынан 1:2 есебімен есе жіберді. Ұлттық құрама осының алдында 21 наурызда Ұлттар лигасының жартылай финалында Афинада Грекиядан 0:5 есебімен ойсырай жеңілсе, Люксембург Тбилисиде Грузияға 0:2 есебімен жол берген еді.
Бұл матчта бірінші болып қонақтар есеп ашты. Ойынның 2-минутында Асхат Тағыбергеннің қақпа алаңына қарай әуелетіп жіберген добына басын тоса қойған 21 жастағы Әділет Сәдібеков голдың авторы атанды.
Бірақ алаң иелері есепті тез арада теңестіріп кетті. 24-минутта Словакияның «Слован» клубының форварды Желсон Родригеш таразы басын теңестірді. Одан кейін Люксембургтің ойыншысы Данел Синани үзіліске шығар алдында таблодағы есепті өзгертті.
Матчтың екінші таймында қарсыластар бір-біріне гол сала алған жоқ. Матчтағы есеп 2:1 болып алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Енді ұлттық құрама маусым айында Армения командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Ал Украина, Грузия мен Польша құрама командалары Еуропа чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Украиндар осымен қатарынан төртінші рет құрлық чемпионатына шығып отырса, Грузия командасы футбол аламанына алғаш рет қатысқалы отыр.
Украина құрамасы Польшаның Вроцлав қаласында Исландиямен ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл матчта украиндар 0:1 есебімен жеңіліп жатып, екі бірдей голды қарсыластар қақпасына тоғытты. Сөйтіп, Украина құрамасы соңғы екі ойында да жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Олар осының алдында Босния және Герцоговина құрамасын 2:1 есебімен жеңген болатын.
Бұл матчта 30-минутта Альберт Гудмундссон есеп ашса, украиндар екі голды ойынның екінші жартысында салды. Әуелі 54-минутта Виктор Цыганков есепті теңестірсе, 84-минутта Михаил Мудрик жеңіс голының авторы атанды. Ал Грузия мен Грекия және Уэльс пен Польша командаларының матчтарында есеп ашылған жоқ. Бұл ойындарда Еуропа чемпионатына жолдаманың тағдыры матчтың соңында берілген пенальтилер сериясында шешілді. Мұнда Польша Уэльсті пенальтиде 5:4 есебімен, ал Грузия Грекияны 4:2 есебімен жеңді.
Сөйтіп, Ұлттар лигасынан Еуро-2024 додасына үш құрама қосылды.
Грузия құрамасының соңғы, шешуші пенальтиін Қазақстан премьер-лигасында доп тепкен ойыншы салды. Ол – Ника Квеквескири. 2017-2020 жылдары Қостанайдың «Тобыл» командасының намысын қорғаған. Қазақстанның күміс (2020) және қола (2018) жүлдегері.
Грузияның үшінші пенальтиін Грекияның қақпасына салған ойыншы да Қазақстанға жақсы таныс. Лаша Двали 2017 жылы Павлодардың «Ертіс» клубында ойнаған.
Енді Украина Еуропа чемпионатында Бельгия, Словакия мен Румыния құрамаларымен біп топта ойнаса, Грузия Түркия, Португалия мен Чехияның тобына түсті. Польша чемпионатқа Франция, Аустрия және Нидерландпен бір топта қатысады.
Еуропа чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияның 10 қаласында болады. Еуро-2024 додасында 24 елдің ұлттық құрама командалары күш сынасады.