Кінәлі азаматтар жауапқа тартылды
Қостанай облысының табиғат қорғау прокуратурасы талдау барысында ветеринариялық қызметте бірқатар бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Прокуратураның мәліметінше, жалған вакцинациялаудың, ресми есептілікте ауруларды жасырудың, вакциналарды пайдалану және сақтау тәртібін бұзудың жүйелі фактілері тіркелген.
Сондай-ақ малдарды жалған вакцинациялаудың 4 мың фактісі анықталды.
Мысалы, Қостанай ауданының ветеринариялық пунктінің ресми актісіне сәйкес вакцинамен тұрғынның 727 бас ұсақ малы егілген. Алайда бұл азаматтың иелігінде ешқандай да мал жоқ болып шықты. Жітіқара ауданында тұратын әйелдің ірі қара малы сойылған. Алайда ақпараттық базаның мәліметтері бойынша осыдан кейін бұл малға түрлі ауруларға байланысты 10-нан астам зерттеу жүргізілген, – делінген прокуратура хабарламасында.
Жалған вакцинация фактілері Қостанай және Лисаков қалаларында, сондай-ақ Алтынсарин, Әулиекөл, Қостанай, Науырзым және Ұзынкөл аудандарында анықталды.
Ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және сәйкестендіру мәселелерінде статистикамен манипуляциялау анықталды. Ірі қара – 3,8%, ұсақ мал – 2,8%, жылқы – 2,8%, шошқа – 40% санында алшақтық анықталды.
Аталған бұзушылықтар бойынша 15 қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі азаматтар жауапқа тартылды.