×

Ұйғыр ауданының атауы өзгере ме? - Бозымбаев жауап берді

Қазір алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр

коллаж: Halyq Uni

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Ұйғыр ауданының халқымен кездесіп, тұрғындардың сауалына жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Ұйғыр ауданының атауын ауыстыру туралы сауалға берген жауабында Алматы облысының әкімі өткен жылдың желтоқсан айында болған тұрғындармен кездесуінде ақсақалдар осы мәселені көтергенін, ауданның төл тарихи атауын анықтау үшін ғалымдардың да бұл іске қосылуын сұрағанын айтты. Соған байланысты Тіл және Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институттары жасаған сараптама тиісті мемлекеттік органға ұсынылғанын жеткізді. Әзірше нақты бір саяси шешім жасалған жоқ. Дегенмен қазір алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр»,- делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесу барысында жергілікті педагогтер 550 орындық мектепте 600-ден астам бала оқып жатқанын, оған қоса ғимаратта өнер мектебін ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Олар бұл оқу процесіне кедергі келтіреді деп есептейді.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменованың айтуынша, балаларға қосымша білім керек, үйірмелер қызметін ұйымдастыру әлі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, осы мектептің базасында мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істеген, облыста қосымша білім беру деңгейінің төмен екенін ескеріп, осы бағытты дамытудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр.

Тұрғындар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу мәселесін де өзекті дейді. Бұл тараптан халықты аудан басшылығының жұмысы қанағаттандырмайды.

Қанат Бозымбаев көптің пікірімен келісетінін айтып, өз баяндамасы барысында аудан әкіміне осы мәселеге басар назар аударуды тапсырды.

Атап өтсек, ауданда тұрғын үй кезегінде 1160 адам тұр. Өткен жылы ауданда 8,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 14 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Шонжы ауылында жыл соңына дейін 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тағы бір кредиттік тұрғын үй салуға 1 млрд. теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер басталды.

Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылы тұрғын үйлер үшін 20 жер учаскесі бөлінеді. Сонымен қатар 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталады. Бұл жұмыстардың жеткіліксіз екенін айтқан облыс басшысы 60 пәтерлі үйдің кемінде екеуінің құрылысын жоспарлауды тапсырды.

Шонжы ауылының тұрғындары бірнеше үйдің жанынан жоғары вольтты электр желілері тартылғанына алаңдайды. Бұл адам денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін дейді олар. Қанат Бозымбаев комиссия құрып, тиісті тексеру жүргізуді, соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдауды міндеттеді.

Өзге де сауалдар Бахар ауылының аумағындағы Жаркент-Шонжы республикалық трассасында жаяу жүргінші жолы мен жол белгісін орнату, Шонжы ауылында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін оңалту орталығын ашу, орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеу, ауғандық ардагерлерді жұмыспен қамтуға және үйлеріне жеңілдікпен газ қостыруға ықпал етуге қатысты айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама