Жасанды интеллект: арнайы орталық құрылып, мамандар даярланады

Дәурен Ерболат

Орталық Astana Hub базасында құрылады

фото: digitalbusiness.kz

Қазақстанда жыл сайын жасанды интеллект бойынша мамандар даярланады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Қаныш Төлеушин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде жасанды интеллект орталығын құру жұмысына кірістік. Орталық әлемдегі алдыңғы қатарлы тәжірибені пайдалануға мүмкіндік беріп, тиісті платформа қызметін атқарады. Тиісті жұмыс Astana Hub-пен бірге іске асырылады. Оның аясында саладағы таланттарды даярлауға және адами капиталды дамытуға ерекше екпін қойылады», - деді Қаныш Төлеушин.

Сондай-ақ вице-министр салада маман даярлауға басымдық берілетінін жеткізді.

Біз жыл сайын жасанды интеллект бойынша 100 стартапты іске қосып, 1 мың жасанды интеллект маманын даярлауды мақсат етіп қойдық. Сондай-ақ 2026 жылға қарай жыл сайын осы салада 1 миллиард доллар экспорттық кіріске қол жеткізу міндеті тұр, - деді министрдің орынбасары.

Оның сөзін Электронды өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғиззат Байтұрсынов толықтырды.

«Биыл Astana Hub базасында жасанды интеллект орталығы құрылады. Онда барлық жұмыс процесін жеңілдету және салаларға жасанды интеллектіні енгізу үшін бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар бірігіп жұмыс істейді. Мысалы, сіз жасанды интеллект көмегімен жасаған жұмысыңызды бір сағат ішінде аяқтауға болады. Орталық медицина, энергетика, өнеркәсіп және мемлекеттік қызмет бағыты бойынша жұмыс істейді», - деді басқарма басшысы.