Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатыр
Мемлекет басшысы АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынаста парламенттік дипломатия маңызды рөл атқаратынын айтты.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді. Бұл ретте президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.