Алматы облысында жол апатынан жүргізуші мен екі бала көз жұмды
Оқиға Алматы – Өскемен тасжолында болған
Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты салдарынан 3 адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты 30 мамырда сағат 18:00 шамасында Алматы – Өскемен тасжолының 445 шақырымында, Сарқан ауданы аумағындағы Қойлық ауылының маңында болған.
Алакөл ауданының 29 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан Mercedes-Benz G-class (Geländewagen) көлігі аударылып кеткен. Оқиға кезінде жол талғамайтын көлікте үш ересек адам мен төрт жас бала болған. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Зардап шеккен тағы төрт адам түрлі жарақатпен Сарқандағы ауруханаға жеткізілді, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, 2010 жылы туған 12 жастағы қыз бала оқиға орнында жан тапсырған, ал көлік жүргізуші мен бір жастағы сәби ауруханада қайтыс болды. Барлығы Алакөл ауданының тұрғындары болып шықты.
Қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы» бойынша іс қозғалып, қажетті сараптамалар тағайындалды.