«Ұлы Жібек жолы»: Қазақстан боксшылары жартылай финалға шықты (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Бүгін Бақтияр Смағұлов, Бекзат Таңатар мен Сағындық Тоғамбай жұдырықтасады

Фото: instagram.com/boxingkazakhstan/

Бокстан Әзербайжанның астанасы – Бакуде болып жатқан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде еліміздің 5 былғары қолғап шебері жартылай финалға шықты.

Баку шаршы алаңында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі), Бекзат Таңатар (86 келі) мен Сағындық Тоғамбай (92 келі) ½ финалда рингке көтеріледі.

Бүгін кейбір салмақ дәрежесінде жартылай финал айқастары басталады. Шаршы алаңға Қазақстанның 3 боксшысы шығады. 67 келі салмақ дәрежесіндегі Бақтияр Смағұлов Өзбекстан боксшысы Шавкатжон Болтаевпен ширек финалдық жекпе-жегін өткізсе, 86 келідегі Бекзат Таңатар алаң иесі Мурат Аллахвердиевпен, 92 келідегі Сағындық Тоғамбай ресейлік Рамазан Ханалиевпен жартылай финалда жұдырықтасады.

Кешегі жарыста Қазақстан командасының 4 боксшысы қарсыластарынан жеңілген болатын. Дамир Әбдіқадыр (51 келі) ирандық Мэхди Парвизиге, Серік Теміржанов (63,5 келі) әзербайжан Руслан Рустамовқа, Тимур Нұрсейітов (75 келі) Өзбекстан боксшысы Әлішер Аюповқа, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) ресейлік Рамазан Карнукаевқа есе жіберді.