Екеуі де қарсыластарын аса қиналмай жеңді
Қазақстан теннисшілері Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева АҚШ-тың Майами штатында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Рыбакина төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі, америкалық Мэдисон Кизбен ойнады.
Киз Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас деуге болады. Олар осыған дейін 3 рет кездессе, соның екеуінде америкалық спортшы жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Бірінші партия 6:3 есебімен Қазақстан теннисшісінің пайдасына шешілді.
Екінші сетте Рыбакина брейкпен алға шықты. Дегенмен Киз де қалыспады. Ол есепті теңестіріп кетті. Есеп 5:5 болған кезде отандасымыз тағы бір брейк жасап, содан кейін матчты 7:5 есебімен аяқтады.
Енді Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен кездеседі.
Юлия Путинцева 1/8 финалда әлемнің 36-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен сынға түсті.
Бірінші партияда Путинцева 4:0 есебімен алға шықты. Содан кейін ол қарсыласына бір брейк беріп қойғанмен, өз дегеніне жетті. Бірінші партиядағы есеп 6:4 болды.
Екіншісі сетте Калинина 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен Путинцева таразы басын теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 32-орындағы Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен немесе әлемнің 30-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен ойнайды.
Путинцеваның рейтингтегі орнына келсек, ол WTA Live тізімінде 52-орынға көтерілді.