Соня Жиенбаева ITF Juniors J300 турнирінің жеңімпазы атанды
Теннисші жарыстың бірінші ракеткасы, бельгиялық Жульен Вандромені жеңді
17 жастағы теннисші Соня Жиенбаева Испанияның Вильена қаласында жасөспірімдер арасында өткен ITF Juniors J300 турнирінің жеңімпазы атанды.
Жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 47-орында тұрған С. Жиенбаева финалда жарыстың бірінші ракеткасы, бельгиялық Жульен Вандромені (33 ITF Juniors) 7:5, 6:0 есебімен жеңді. Бұл Соня Жиенбаеваның жекелей сында ITF Juniors турнирлеріндегі жетінші титулы болды.
Матч қиын болды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бельгиялық қарсыласым топырақ төсенішінде жақсы ойнайтындықтан, бар шеберлігімді салып, үздік өнер көрсетуге тырыстым. Бәрі сәтті болып, биылғы алғашқы чемпиондық атақты жеңіп алдым, – деді Соня Жиенбаева.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы да шетелдегі турнирде намысқа тырысып, ширек финалға шықты. Жасөспірімдер Малайзияның Кучингте қаласында 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында өтіп жатқан World Junior Tennis Competition 14&under Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінде ¼ финалға жолдама алды.
Өз тобында соңғы ойында Марат Шәріповтің шәкірттері Иран командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Медина Өтепберген Рахиманамириден 6:2, 6:2 есебімен айласын асырса, Найля Баймахан Шабанпурдан 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.
Жұптық сында Медина Өтепберген мен Екатерина Кирюшенко Рахиманамири мен Мелинаны 6:1, 6:3 есебімен жеңді.