Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе облысының бірнеше ауылына апаратын жолды су шайып, қатынас үзілді

Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарына барар жолдағы су өткізу құрылғысы бұзылып, қатынас үзілді.

 Халық үні 25.03.2024 | 21:45
Ақтөбе облысының бірнеше ауылына апаратын жолды су шайып, қатынас үзілді
фото: видеодан скриншот

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарына қатынас 22-наурыз күні үзілді. Сонымен бірге Әйтеке би ауданының Талдық ауылына апарар жолды су шайды.

Ақтөбе облысының оңтүстік аудандарында қар еріп, дала суы ауылға кіріп жатыр. Соның ішінде Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарына барар жолдағы су өткізу құрылғысы бұзылып, қатынас үзілді.

«Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарында 10 күнге жеткілікті азық-түлік қоры бар. Оймауыт ауылында амбулатория, Миялы, Дияр ауылдарында медпункттер жұмыс істеп тұр. Жедел жәрдем көмегін қажет етіп жатқан адамдар жоқ», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Байғанин ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 19 наурыз күні аудандық маңызы бар «Қарауылкелді-Жарқамыс-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт» бағытындағы автомобиль жолының «Ащы ағар» сайында су өткізгіш құбыр бұзылды. Екі күнде бұзылған жер қалпына келтірілгенімен, арада 6 сағат өткенде тағы су шайып кетті. Содан бері аудан орталығынан үш ауылға қатынас үзілді. Үш ауылда қазір 1500 адам тұрады.

Сонымен бірге Әйтеке би ауданы Қайрақты ауылдық округі Талдық ауылына апаратын жол бұзылды.

«Ауыл халқының саны - 251 адам. Мұнда медициналық пункт бар. Емдеу орны алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Ауылда орналасқан екі дүкенде тұрғындар үшін қажетті азық-түлік қоры бар», - деді Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама