×

Әзербайжанда да лаңкестік жасамақ болған Ресей тұрғыны ұсталды

Ол көптеген адам өлуге тиіс террористік акт жасауға ниеттенген

 Еркеғали Болатұлы 25.03.2024 | 18:02
фото: видеодан скриншот/DTX official channel

Әзербайжанда бірнеше шабуыл жоспарлаған адам қамауға алынды. Бұл туралы Әзербайжанның azertag.az мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жүргізген тергеу барысында Ресей Федерациясының Мурманск қаласында тұратын Әзербайжан Республикасының азаматы Аскеров Бахруз Алимамед оглу (1988 жылы туған) қолға түсті.

Аскеров Бахруз Алимамед оглу елдегі қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халық арасында дүрбелең туғызу және оған ықпал ету мақсатында басқа адамдармен байланысқа түсті деген күдікке ілінді. Оның көптеген адам өлуге тиіс террористік акт жасауға ниеттенгені де айтылып жатыр.

Бахруз Аскеровтың жасырын түрде республиканың әртүрлі аймақтарында тұратын адамдарды байланысқа тартып, оларға Лянкаран қалалық атқарушы билігінің басшысына қастандық жасауға нұсқау бергені анықталды.

Сондай-ақ Бахруз Аскеровтің өзімен байланыста болған адамдарға Әзербайжанның кейбір аудандарында ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейтін шетел азаматына қарсы қастандық жасауды тапсырғаны анықталып отыр.

Жүргізілген кешенді жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде Бахруз Аскеров Әзербайжан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28, 214.2.1 («Терроризмге дайындық») баптары бойынша ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оған қатысты сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама