Бакудегі халықаралық турнирде 6 боксшымыздың төртеуі жеңіліп қалды
Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) ресейлік Рамазан Карнукаевқа есе жіберді
Бакуде (Әзербайжан) бокстан халықаралық «Жібек жолы» турнирі басталды. 24 наурызда қазақстандық 6 боксшы шаршы алаңға шығып, олардың екеуі ғана келесі айналымға өтті, деп хабарлады Olympic.kz.
48 келідегі Теміртас Жүсіпов пен 92 келідегі Сағындық Тоғамбай қарсыластарынан басым түсті. Жүсіпов әзербайжандық Тұралы Сариевті жеңсе, Тоғамбай тағы бір жарыс қожайыны Фуад Жафаровты техникалық нокаутпен ұтты.
Алайда 4 салмақтағы боксшыларымыз бірінші айналымда сүрінді. Дамир Әбдіқадыр (51 келі) ирандық Мэхди Парвизиге, Серік Теміржанов (63,5 келі) әзербайжандық Руслан Рустамовқа, Тимур Нұрсейітов (75 келі) өзбекстандық Әлішер Аюповқа, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) ресейлік Рамазан Карнукаевқа есе жіберді.
25 наурыздағы жарыс күнінде Қазақстан атынан Тимур Қабдешов (54 келі), Талғат Сырымбетов (60 келі), Бахтияр Смағұлов (67 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі) және Бекзат Таңатар (86 келі) сынға түседі.