Halyq Uni логотип
×

Тоқаев Грек Республикасының президентін құттықтады

Президент екі ел арасындағы ықпалдастық ауқымы одан әрі ұлғая түсетініне сенім білдірді

 Динара Амантай 25.03.2024 | 12:10
Тоқаев Грек Республикасының президентін құттықтады
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Грек Республикасының президентіне құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катерина Сакелларопулуды және грек халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Бүгінде Грекия Еуропа Одағының белсенді елдерінің бірі ретінде өзінің тұрақты даму, халықтың әл-ауқатын жақсарту және халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыру жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осы ретте мемлекетіңіздің әрі қарай қарыштап дамуына, мерейі әрқашан үстем болуына тілектеспін. Қазақстан мен Грекия арасындағы мазмұнды саяси диалог пен дәстүрлі достықтан серпін алатын ынтымақтастығымыздың аясы жылдан-жылға кеңейіп жатқанын ризашылықпен атап өтемін. Келешекте елдеріміз арасындағы ықпалдастық және сан қырлы байланыстар ауқымы одан әрі ұлғая түсетініне кәміл сенемін, – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катерина Сакелларопулудың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал достас Грекия халқына құт-береке тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама