Halyq Uni логотип
×

«Бомба қойылған»: Ақтөбе облысында ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары эвакуацияланды

Жалған ақпарат таратқан қылмыскер 5 жылға сотталуы мүмкін

 Динара Амантай 31.05.2022 | 16:18
«Бомба қойылған»: Ақтөбе облысында ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары эвакуацияланды
Фото: Halyq Uni

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің поштасына оқу орындардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама келіп түскен. Бұл туралы Департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

31 мамыр күні сағат 12:30 шамасында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің электрондық поштасына белгісіз біреу оқу орындардың ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарлама жіберген. Барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шығып, ғимараттарды жарылғыш құрылғылардың болуына тексеру ұйымдастырылды.

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы АӨМ университеті, ЭжСУ және М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының студенттері, оқытушылары және жұмысшылар шығарылды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Полиция департаменті анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Осы баптың санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама