Қыстан кейін нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастады – Астана әкімі
Биыл 50-ден астам көшені жөндеу жоспарланған
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаладағы жолдарды жөндеу жұмысы қалай жүргізілетіні туралы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастады. Жауапты басқарма жол жұмысшыларымен бірге жөнделетін көшелердің ұзаққа шыдауын қамтамасыз етуі керек. Жұмыс мінсіз, лайықты күйде және сын көтеретін деңгейде орындалуы керек, – деп жазды әкім.
Қала басшысы елорданы аралау барысында қаланың барлық ауданына барып, биылға арналған жоспарларды белгілегенін жеткізді. Айтуынша, биыл жол жөндеу жұмысы ертерек басталады. Ұзындығы 60 шақырым болатын 50-ден астам көшені жөндеу жоспарланған.
Сол сияқты 20-дан астам ірі нысан бар. Олардың бір бөлігін биыл аяқтаймыз, тағы бір бөлігінің (көшелер, жол айрықтары, көпірлер және т.б.) құрылысын биыл бастаймыз. Сондай-ақ, тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды, аялдама қалтарыстарын, пандустарды және т.б. жабдықтауды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ең алдымен көлік көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (кірме жолдар) бар орындарда, сонымен қатар елді мекендерде жолдар жөнделіп, салынады. Құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарға тоқталар болсам, онда инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана жолдар салынады; оған дейін жауапты басқарма уақытша төсеммен қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ, қазір коммуналдық қызметтер су тасқынына қарсы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр: қар шығару, коллекторларды, науа-арық желісін, бақылау және жаңбыр қабылдау құдықтарын тазалау және т.б., - деп толықтырды сөзін қала басшысы.