Нұрқанат Серікбаев – дзюдодан Grand Slam турнирінің жеңімпазы!
Ғалия Тынбаева қола жүлдегер атанды
Дзюдошы Нұрқанат Серікбаев дзюдодан Тблисиде өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды. Финалда ол Израиль спортшысы Ям Уолцакты жеңді.
60 келіге дейінгі салмақта белдескен Нұрқанат Серікбаев жарыста бес рет татамиге шығып, бесеуін де жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде ол Джохан Рожас (Колумбия), Иехонатан Векслер (Израиль) мен Дильшот Халматовтан (Украина) басым түсті. Ал жартылай финалда Grand Slam жарысының үш дүркін жеңімпазы Балабай Агаевты жеңген болатын.
Бұл – отандасымыздың Grand Slam жарысындағы алғашқы алтын медалі. Оның осы нәтижесі Нұрқанат Серікбаевқа әлемдік рейтингте қосымша 1000 ұпай алуға мүмкіндік береді.
Ғалия Тынбаева да Тбилисиде өтіп жатқан Үлкен дулыға санатындағы турнирдің қола жүлдегері атанды.
Ол жүлде жолында Миреиа Лапуерта Комастың (Испания) жауырынын жерге тигізді. Екінші қола жүлдені Қытай спортшысы алса, Ли Хекён (Оңтүстік Корея) бас жүлдеге ие болды.
Күндізгі сессияда ұлттық құрама спортшысы А тобында Алёна Сергееваны (Ресей), сосын Мелани Легу-Клеман (Франция) мен Аманда Лиманың (Бразилия) осал тұсын тапқан. Алайда жартылай финалда Оңтүстік Корея дзюдошысы Хекён Лиден жеңіліп қалды.
Ғалия Тыныбаева былтыр Ұлан-Батыр мен Астанада өткен Үлкен дулыға санатындағы турнирде бесінші орыннан көрінген. Бұл – оның Grand Slam сериясындағы алғашқы медалі.
Бүгін Grand Slam жарысы аяқталады. Оған 83 елден 531 татами шебері қатысып жатыр.