Астанада жаңа дзюдо орталығы ашылды
1 000-ға жуық адам спорттың осы түрімен айналыса алады
Астананың «Нұра» ауданында Kodokan Spirit атты көп қызметті спорт кешенінің ашылу салтанаты болды. Бұқаралық спортты дамыту және жас ұрпақты саламатты өмір салтына баулу мақсатында елімізде екінші Kodokan Spirit көп қызметті спорт кешені іске қосылды.
Бұған дейін алғашқы орталық 2021 жылы Орал қаласында ашылған болатын.
Аумағы 1200 шаршы метр болатын ғимаратта бір мезетте 1000-ға жуық жас спортшылар дзюдомен айналыса алады. Зал 180 орындықпен, олимпиадалық сапалы жапон татами төсеніштерімен, заманауи желдету және жарықтандырумен жабдықталған. Сондай-ақ спорт кешенінде топтық сабақтарға арналған екі шағын бөлме, ата-аналарға арналған ыңғайлы күту алаңы және атақты Oneshott брендінің кофеханасы бар.
Ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы қатысты.
Қазір Астанада дзюдомен айналысып жүрген жастар күннен-күнге артып келеді. Жалпы қалада 3500 ересек және жасөспірімдер дзюдомен белсенді айналасуда. 290 дзюдошы кәсіби тұрғыда шұғылданады.
Қала әкімдігі спортшыларды қолдау мақсатымен Астанада алғашқы дзюдо орталығын ашып отыр. Болашақта Олимпиялық ойындарда алтын жүлдені әперетін, еліміздің абыройын асқақтатар жерлестеріміз осы жерден шығатынына сенемін!, – деді Астана қаласының әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Шындығында да, дзюдодан елімізде алғашқы әлем чемпионы атағын 2009 жылы 100 келі салмақта Максим Раков алса, Олимпиадада Асхат Житкеев, Елдос Сметов, Галбадрахын Отгонцэцэг күміс, қола медальді жеңіп алды. Алайда дзюдо спортына деген қызығушылық жоғары болғанымен, Олимпиада чемпионы атағы бұйырмай келеді.
Дзюдо спортының маманы Жандос Қонысбаевтың айтуынша, 25 жыл ішінде Астана қаласында дзюдо секциялары әр жерде кішігірім ғана болса, енді олардың басын біріктіру мүмкіндігі берілді.
Бір ерекшелігі, Астана қаласы дзюдо федерациясының президенті Ғайса Жұмағалиев бұл кешенді мемлекеттің бюджетімен емес, инвестициялық жобаның арқасында ашты.