×

ИГИЛ «Крокус Ситиге» шабуылдың видеосын жариялады

Соңғы мәлімет бойынша 133 адам қаза тапты

 Дастан Жұмабекұлы 24.03.2024 | 10:21
Фото: видеодан кадр

ИГИЛ ұйымымен байланысы бар «Амак» ақпараттық агенттігі «Крокус Сити Холл» концерт орталығына шабуылдың видеосын жариялады. Видео Directorate4 арнасында шықты.

Онда жасыл камуфляж киген бірнеше адамның ғимаратқа кіріп, алдына келген адамдарды автоматпен ата бастағаны түсірілген. Содан кейін террористер зардап шеккен бір адамды пышақпен бауыздап жатқанын да түсіріп алған.

Бейнежазбада террористің бірі үндеу жолдап, өз істеріне өкінбейтінін білдірген. Оның сөзі арабша субтитрмен берілген.

Еске сала кетсек, Мәскеу облысының Красногорск қаласындағы Crocus City Hall залында атыс болып, камуфляж киген бірнеше адам «Пикник» тобының концертіне келген көрермендерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 133-ке жетті

Бұл туралы Ресей тергеу комитеті хабарлады. Бұған дейін 115 адам мерт болғаны хабарланған.

Қаза тапқандардың біразы өрт кезінде уланып қалған.

Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

Crocus City Hall – 2009 жылы Мәскеу қаласының солтүстік-батысындағы Красногорск қаласында ашылған концерт орталығы. Ол ұлты әзербайжан бизнесмен Араз Агаларовтың жекеменшігі. Кәсіпкер концерт орталығына атақты әнші Муслим Магомаевтың есімін берген. Араз Агаларовтың баласы Эмир Агаларов та Ресей мен Әзербайжанның танымал әншісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама