Қарсыласы жекпе-жектен бас тартқандықтан жеңіс Қыдырәлиевке берілді
Литваның Каунас қаласында өтіп жатқан Альгирдас Шоцикас турнирінде қазақстандық боксшы Жандос Қыдыралив алтын жүлдеге ие болды.
Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
63,5 келі салмақтағы Жандос Қыдырәлиев финалда ирландиялық боксшы Паул Хэйл Джонмен жұдырықтасуы керек болған. Бірақ қарсыласы жекпе-жектен бас тартқандықтан жеңіс Қыдырәлиевке берілді.
Еске салайық, қазақстандық тоғыз боксшы Литвада өтіп жатқан халықаралық турнирдің финалына өтті. Олар: Нұрсұлтан Алтынбек, Асылжан Серікбай, Алмат Әбдуәли, Жандос Қыдыралиев, Елнұр Сүйінбай, Фарух Тохтасунов, Азамат Бектас, Тұрсынбай Құлахмет, Абзал Құттыбеков.
Нұрсұлтан Алтынбек финалда украиналық қарсыласы Иван Завадскийге есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі. Асылжан Серікбай украиналық боксшы Денис Поздольскийді жеңіп, алтын медальға ие болды. Алмат Әбдуәли Латвия өкілі Матвейс Прокудинстан жеңілді. Елнұр Сүйінбай украиналық боксшы Кирилл Глобенкодан басым түсті.
Айта кетейік, Альгирдас Шоцикас турниріне әлемнің 17 елінен 120-ға жуық боксшы барған. Ал Қазақстаннан 11 былғары қолғап шебері аттанған еді.