Halyq Uni логотип
×

Бүгін Алматыда қар көшкіні бір үйді басып қалды

Алматы облысында қар көшкіні болатын 165 орын бар, оның 18-і қауіп төндіреді

 Еркеғали Болатұлы 22.03.2024 | 18:25
Бүгін Алматыда қар көшкіні бір үйді басып қалды
фото: видеодан скриншот

Алматыдағы Букреев шыңында қар көшкіні жүрді. Оның үйді қалай басып қалғанын куәгерлер видеоға түсіріп алған. Куәгердің айтуынша, оқиға 22 наурызда таңертең Алматы тау курортында болған.

Букреев шыңында қар көшкіні жүрді. Адамдар қаза табуы мүмкін! Басшылық әлі де үнсіз, - деп жазды видео авторы.

Ол қар көшкіні үйді айналып өтіп тоқтағанын хабарлады. Көшкін ұзындығы – шамамен 400 метр.

Төтенше жағдайлар министрлігі оқиғаға қатысты түсінік берді. Құтқарушылардың айтуынша, таудағы демалыс орындарындағы жұмысшыларға қар көшкіні қаупі туралы дер кезінде ескертілген.

20 наурызда «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану техникалық басқармасының филиалы «Пионер» шипажайының әкімшілігіне қар көшкіні қаупі және қажетті шараларды қабылдау туралы ұсыныс берді. Мамандардың ұсынысы бойынша тұрғындарды қабылдауға шектеу қойылды.

22 наурызда таңертең жылу мен жауын-шашынның салдарынан Қотырбұлақ өзені алабында қар көшкіні болды. Қар көшкіні «Пионер» тау-шаңғы курортының шаруашылық құрылыстарына жетті. Зардап шеккендер жоқ. Қар массасының көлемі ауа райы дұрысталғаннан кейін өлшенеді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облысында қар көшкіні болатын 165 орын бар екенін, оның 18-і қауіп төндіретінін атап өтті.

2024 жылы 20 наурыздағы дабылды ескерту негізінде төтенше жағдайлар қызметі қар көшкіні қаупі туралы хабарлады. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына қар көшкінінің ықтималдығына байланысты қар басқан тік беткейлерге шығу ұсынылмайды. Тауда сақ болыңыз! - деді құтқарушылар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама