Байқоңырда ғарыш кемесі ұшуға бірнеше секунд қалғанда тоқтатылды
Василевская Беларусь тарихындағы алғашқы ғарышкер болуы керек еді...
«Союз МС-25» басқарылатын ғарыш кемесі бар ресейлік «Союз-2.1а» зымыран тасымалдағышын Байқоңырдан Халықаралық ғарыш станциясына ұшыру бірнеше секунд қалғанда тоқтатылды, деп хабарлады Euronews телеарнасы.
Роскосмос хабарлағандай, ұшыру алдындағы дайындықтың соңғы кезеңінде химиялық ток көзіндегі кернеудің төмендеуі анықталған.
«Союз» кемесінің бортында ресейлік Олег Новицкий, беларусь Марина Василевская және америкалық Трейси Дайсон болған. Василевская Беларусь тарихындағы алғашқы ғарышкер болуы керек еді.
Кемені ұшыру тоқтатылғаннан кейін бірнеше секундтан соң NASA Ұшуларды басқару орталығы экипажбен байланысқа шықты. Ғарышкерлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Зымыранға Роскосмос инженерлері жіберілді. Сөйтіп «Союз МС-25» кемесінің ұшырылуы 23 наурыз, сенбіге ауыстырылды.
Ұшыру алдында кемені тоқтату Роскосмос басқаратын миссиялар тарихында бірінші рет болып тұр. Соңғы сәтсіз ұшыру 2018 жылы болды. Ол кезде құрамында ресейлік Алексей Овчинин мен америкалық Тайлер Хейг бар экипаж ұшудың екінші минутында шамамен 50 шақырым биіктікте катапульта орындады. Оқиғаны тексерген комиссия бұл жағдайға жанармай багы қысымының төмендеуі себеп болғанын алға тартты.