×

«Міндетті түрде жалғасын табады»: Тоқаев ел игілігіне арналған ауқымды жобаларды атады

Қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі

 Еркеғали Болатұлы 21.03.2024 | 13:00
фото: akorda.kz

Алматыға жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараға қатысты. Сол жерде жаңа жылда қолға алынатын төрт жоба туралы айтты.

Биыл көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады. Республика бойынша 12 мың шақырым жол салынады. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды. Ал ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайды. Бұдан бөлек, жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.

Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін ерекше атап өтті. Негізгі мақсат – Әділетті Қазақстанды құру.

Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі, - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Осы орайда ол озық мемлекет болу үшін тек жарқын болашаққа сеніммен қарау қажеттігін де жеткізді.

«Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз», – деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама