Наурызнама: Бүгін – Қазақстанда Ынтымақ күні

Халық үні

Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлік насихатталады

фото: ҚХА

Биыл қазақстандықтар Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлап жатыр. Бүгін Қазақстанда татулық пен бірліктің мәні насихатталады, деп хабарлады Halyq Uni.

Қазақстанда биылдан бастап Наурыз мерекесінің ерекше атап өтілетінін Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады, - деген еді сонда президент.

Соған сәйкес, 14-23 наурыз аралығында елімізде Наурызнама онкүндігі жарияланды:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақта тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылады.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлік насихатталады.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазару күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларында азаматтарға қолдау білдіріледі.

Айта кетейік, Наурыз мерекесін тойлау кезінде Қазақстан бойынша көрмелер, концерттер, фестивальдар, жәрмеңкелер, әдеби-музыкалық кештер, спектакльдер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, тарихи-танымдық сабақтар, кинокөрсетілімдер мен басқа да барлығы 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.