Halyq Uni логотип
×

Екі жыл бұрынғы Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апатына қатысты тексеру қорытындысы аяқталуға жақын

Тергеуге қатысушы барлық мүдделі мемлекеттерден қорытындылар алынып, есеп жобасы жасалған және келісілген

 Халық үні 28.12.2021 | 09:04
Екі жыл бұрынғы Алматы әуежайы маңындағы ұшақ апатына қатысты тексеру қорытындысы аяқталуға жақын
2019 жылдың желтоқсаны, Ұшақ құлаған Гүлдала елдімекеніндегі үй

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласының әуежайы аумағында ішінде 93 жолаушысы және бес экипаж мүшесі бар Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырау фактісі бойынша комиссия құрды.

Ұшақ апатын тексеруге Нидерланды корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросының және мемлекетаралық авиация комитетінің уәкілетті өкілдері, Ұлыбритания корольдігінің авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі бөлімшесінің уәкілетті өкілі, сондай-ақ олардың кеңесшілері (Fokker-100 типті әуе кемесі сертификаты иесінің мамандары) «Fokker Services B. V» (Нидерланды корольдігі) және «Rolls Royse» өндіруші-зауыттың (Ұлыбритания корольдігі) маманы қатысты.

Апат себебін анықтауға бағытталған тексеруді кешіктіруге COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген локдаундар негізгі себеп болды. Бұл жағдай авиациялық оқиғаларды тексеру басқармасы мен тергеуге қатысқан шетелдік әріптестердің жұмысына айтарлықтай әсер етті. Нидерланды корольдігінің қауіпсіздік бюросы тек 2021 жылдың қазан айында комиссия бөлшектеген және оларға жіберілген әуе кемесінің тірек беттерінің элементтерін зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Қазір тергеу аяқталуға жақын. Комиссия барлық қажетті материалдар мен зерттеу нәтижелерін жинады. Тергеуге қатысушы барлық мүдделі мемлекеттерден қорытындылар алынып, есеп жобасы жасалды және келісілді.

Ресми келісу мерзімі - 60 күнтізбелік күн. Жақын арада ҚР ИИДМ келісу нәтижелерін алуды жоспарлап отыр. Осыдан кейін тергеу нәтижелері Министрліктің сайтында жарияланады, - делінген ИИДМ хабарламасында.

Тексеру жөніндегі есеп жобасы ИКАО-ның №13 қосымшасына сәйкес тергеуге қатысқан мемлекеттерге келісуге және елеулі ескертулер болса ұсынуға жіберілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама