Halyq Uni логотип
×

Алматыда әскери қызметшінің отбасында үшем дүниеге келді

Жұбайлар ұлдарға Сұңқар мен Заңғар, ал қыздарына Сырғалым деген ат қойды

 Дастан Жұмабекұлы 20.03.2024 | 14:04
Алматыда әскери қызметшінің отбасында үшем дүниеге келді
Фото: gov.kz/Қорғаныс министрлігі

Алматы қаласындағы Қарулы күштердің Райымбек батыр атындағы десанттық-шабуылдау бригадасы ротасының старшинасы, 3-сыныпты сержант Сейітжан Асылбековтің отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Наурыз мейрамы қарсаңында Алматы қаласының перинаталдық орталығынан ол зайыбы мен үшемін, яғни 2 ұл мен 1 қызын шығарды. 

Сейітжан мен Минира Асылбековтердің отбасында 11 жасар қызы Диана өсіп келеді. Ұзақ уақыт бойы ата-аналар екінші баланың болуын армандаған. Енді Минара үшемді дүниеге әкелді. Жұбайлар ұлдарға Сұңқар мен Заңғар, ал қыздарына Сырғалым деген ат қойды.  

Әйелімнің үшемге аяғы ауыр екенін білгенде қатты таңғалдым. Менің де, оның да тұқымдарында егіздер бар. Бірақ ешкімде үшем жоқ екен. Мен бақыттымын. Ішімнен ұл болса екен деп тіледім. Ойымдағым қабыл болып, бірден 2 ұл, 1 қыз өмірге келді. Енді осындай отбасымның алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын да сеземін, – дейді Сейітжан Асылбеков. 

Үшемнің дүниеге келуі отбасының өмірін түбегейлі өзгерткендей. Енді Асылбековтер жатақханадағы бөлмеден кең пәтерге көшеді. Ал сәбилерді қарауға әжелері және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметі көмектеседі. 

Көпбалалы отбасының қуанышын бөлісу үшін перинаталдық орталыққа Сейітжанның әріптестері де барды. Ұлттық киім, шарлар, әндер, үлкен гүл шоқтары көңіл-күйдің көтеріңкі екенін көрсетіп тұрды. Әріптестері Асылбековтер отбасына бақыт, махаббат пен бақ-береке тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама